Қазақстан халқы тілдері күні мен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай Павлодар қалалық орталықтандырылған кітапханасында тағылымды кездесу өтті. Іс-шараға «Сенімен Болашақ» РҚБ Павлодар облысы филиалының өкілдері қатысып, 5512 және 6679 әскери бөлімдерінің сарбаздарымен кездесті.
Кездесу барысында филиал басшысы Перизат Құрманәліқызы бірлестіктің ағартушылық бағыттағы жұмыстары мен азаматтық жауапкершілікті арттыруға бағытталған бастамаларын таныстырды. Сондай-ақ филиал менеджері Гүлжанат Багдатқызы бірлестіктің мағыналы месседждері арқылы елге қызмет ету, адами құндылықтарды сақтау және болашақ алдындағы жауапкершілік тақырыптарында ой қозғады.
Шара аясында «Сенімен Болашақ» РҚБ тарапынан жарық көрген Ахмет Байтұрсынұлының «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» атты кітабы таныстырылып, оның негізгі идеяларына шолу жасалды.
Кездесуде ұлт ұстазының өмірі мен шығармашылығы туралы сөз қозғалып, сарбаздар ақынның өлеңдерін оқып, өз өнерлерін ортаға салды.
Кездесудің негізгі түйіні – адами құндылықтарды дәріптеу және ел болашағына жауапкершілікпен қарау – әр азаматтың ортақ міндеті. Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы бүгінгі ұрпақты ел игілігі үшін қызмет етуге үндейтін рухани бағдар болып қала береді.