«Баланың бөтені жоқ» ұстанымы бала тәрбиесін бір ғана отбасы немесе мектептің міндеті емес, қоғамның ортақ жауапкершілігі ретінде қарастырады.
Осы тақырып аясында Талғар ауданы Кеңдала ауылдық округіндегі №38 жалпы білім беретін мектепте Отбасы күніне орай семинар өтті. Іс-шараға ата-аналар, мектеп ұстаздары, жоғары сынып оқушылары, ауыл тұрғындары және ауылдық округ өкілі қатысты.
Кездесудің мақсаты – мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты нығайту, бала тәрбиесіндегі ортақ жауапкершілікті арттыру және адами құндылықтарды дәріптеу.
Жиын мектеп өнерпаздарының орындауындағы рухты әнмен ашылып, тәрбиенің мектеп пен отбасы арасындағы жүйелі байланысты қажет ететіні айтылды.
Арнайы шақырылған «Сенімен Болашақ» РҚБ Алматы филиалының басшысы Меруерт Мәулетқызы балаға ақыл айтудан бұрын, оған үлгі болудың маңызын атап өтіп, Жүсіпбек Аймауытовтың «Тәрбиеге жетекші» еңбегіндегі «баланы табиғатша тәрбиелеу» ұстанымын түсіндірді.
Ол үйдегі қарым-қатынас, мектеп ортасы, үлкендердің сөйлеу мәдениеті мен күнделікті әрекеті баланың мінезі мен дүниетанымына тікелей ықпал ететінін жеткізді.
Кездесу барысында Кеңдала ауылдық кітапханасының меңгерушісі Ризвангүл Токарзаева отбасы, тәрбие және ұлттық құндылықтарға арналған кітап көрмесін таныстырды.
Ал Кеңдала ауылдық округі әкімдігінің әдіскер-нұсқаушысы Айгүл Сайлауханқызы қатысушыларды Отбасы күнімен құттықтап, әкімдік атынан мектептің үлгілі отбасына сый-сияпат табыстады.
Ауыл ақсақалы, ақын Бексұлтан Көлбаев жұбайымен бірге қатысып, жастарға отбасындағы татулық пен бірліктің үлгісін көрсетті. Ақын ақ тілегін білдіріп, өлең оқып, бата берді.
Кездесуді мектеп басшысы Ғалия Талапқызы қорытындылап, отбасы мен мектептің өзара түсіністігі мен бірлескен әрекеті балаға қолдау көрсететін тәрбиелік ортаны қалыптастыратынын атап өтті.
Жиынның негізгі түйіні: бала тәрбиесі ортақ жауапкершіліктен басталады. Үлгі көрсетілмей, өнеге қалыптаспайды. Ал балаға берілетін ең үлкен тәрбие – оның күнделікті өмірінде көретін жақсы үлгі.