Павлодар облысында Республика күніне орай «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы жанашырларының ұйымдастыруымен «Ата-аналар лигасы» ауданаралық волейбол турнирінің финалдық ойындары өтті.

Спорттық іс-шараға Бірлестіктің құрылтайшысы әрі идея авторы Нұркен Асанов пен Бірлестік төрағасы Гүлшат Серикбекова арнайы қатысты.

Республика күні – ел егемендігін ұлықтап, қоғамдағы бірлік пен ынтымақтың маңызын айқындайтын мереке. Бұл күн әр азаматқа туған елінің дамуына үлес қосу мен ортақ болашақ үшін жауапкершілік алудың мәнін еске салады. Ал «Ата-аналар лигасы» турнирі осы ұстанымдарды спорт алаңында тоғыстырып, түрлі өңірден келген қатысушыларды біріктірді. Осындай бастамалар өзара қолдауды нығайтып, белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға және қоғамдағы ортақ құндылықтарды дәріптеуге ықпал етеді.

Бірлестік Құрылтайшысы қатысушыларды Республика күнімен құттықтап, іс-шараға сәттілік тіледі. — «Бес жыл бұрын Бірлестікті құру туралы идея осы киелі Кереку жерінде туған. Бүгінде сол бастама ортақ мақсатқа ұласып, еліміздің түкпір-түкпірінде жалғасын тауып келеді. Алдымызда атқарар жұмысымыз көп. Сондықтан бірлігімізді нығайтып, күш-жігерімізді ортақ іске жұмылдырып, саналы қоғам қалыптастыруға, адами құндылықтарды дәріптеуге, азаматтық сана мен жауапкершілікті дамытуға үлес қосайық», – деді Нұркен Асанов.

Турнирге барлығы 12 команда қатысып, өзара бақ сынады. Атап айтқанда, Аққулы, Ақтоғай, Баянауыл, Ертіс, Железин, Май, Павлодар, Тереңкөл, Успен және Шарбақты аудандарының, сондай-ақ Ақсу және Екібастұз қалаларының командалары жарысқа қатысты.

Командалар жеребе тарту арқылы топтарға бөлініп, ойындар айналмалы жүйе бойынша өткізілді. Ұйымдастырушылар турнирге қатысушыларға қойылатын талаптардың қатаң сақталғанын атап өтті. Ережеге сәйкес, әйелдердің жасы 30-дан, ал ерлердің жасы 35-тен жоғары болуы және қатысушылардың кәсіби спортта жетістіктері болмауы талап етілді.

Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша Баянауыл, Ақтоғай және Екібастұз командалары шешуші ойындарға жолдама алды. Қола жүлде үшін өткен бәсекеде Баянауыл ауданының командасы үшінші орынға ие болды. Ал турнир тағдырын шешкен финалдық кездесуде Ақтоғай мен Екібастұз командалары өзара мықтыны анықтады.

Нәтижесінде Екібастұз қаласының командасы турнир жеңімпазы атанып, алтын жүлдені иеленді. Ақтоғай ауданының командасы екінші орынға табан тіреп, күміс жүлдеге қол жеткізді.

Жарыс қорытындысы бойынша үздік ойыншылар да марапатталды. Марат Дюсенбек «Үздік үйлестіруші», Асан Кабжапаров «Үздік қорғаушы», Хұсман Көркентай «Үздік шабуылшы» номинацияларына ие болды. Ал Дарья Прутковская турнирдің үздік ойыншысы деп танылды.

Сондай-ақ, іс-шара аясында Бірлестік құрылтайшысы Нұркен Асанов 15 адамға Бірлестіктің мүшелік куәліктерін салтанатты түрде табыстады.

«Ата-аналар лигасы» турнирі салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, қатысушылар арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға, командалық рухты қалыптастыруға және ортақ жауапкершілік құндылығын дәріптеуге бағытталған. Мұндай бастамалар азаматтық қоғам белсенділерін біріктіріп, қоғамдағы бірлік пен өзара қолдаудың маңызын арттыра түседі.