2026 жылғы 21 қазанда Қарағанды қаласының «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен жастар арасында құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.

Іс-шараға арнайы шақырылған «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің психологы Икенова Шакизат Темірханқызы жастармен құмар ойындарға тәуелділіктің психологиялық себептері мен салдары туралы ой бөлісті.

Кездесу барысында онлайн-казино мен букмекерлік бәс тігудің адамның психологиялық саулығына, қаржылық жағдайына және отбасылық қарым-қатынасына тигізетін кері әсері талқыланды. Саналы шешім қабылдау, өз әрекетіне жауапкершілікпен қарау және тәуелділікке алып келетін қауіп-қатерлерді дер кезінде танудың маңыздылығына назар аударылды.

Іс-шараға Қарағанды облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілі Қожанәсіп Гүлназ Саламатқызы және Қарағанды қаласы Полиция басқармасы жанындағы консультативтік-кеңесші органның төрайымы Назирова Ирина Нұрмұхамбетовна қатысты.

«Сенімен Болашақ» бірлестігі қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелерге бейжай қарамай, олардың алдын алуға және азаматтық жауапкершілікті арттыруға бағытталған жұмыстарға тұрақты түрде атсалысып келеді.

Атап айтқанда, бірлестіктің «Азамат» жобасы аясында әскери қызметшілер арасында құмар ойындарға тәуелділіктің, зорлық-зомбылықтың алдын алу және азаматтық жауапкершілікті арттыру тақырыптарында тренингтер, фокус-топтық кездесулер мен пікірталастар ұйымдастырылды.

Бұл бағыттағы жұмыстардың негізгі мақсаты – адамды өз әрекетінің салдарын түсінуге, саналы таңдау жасауға және жеке өмірі мен қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуге ынталандыру.

Бірлестік алдағы уақытта да жастардың саналы көзқарасын қалыптастыруға, адами құндылықтарды нығайтуға және әлеуметтік мәселелердің алдын алуға бағытталған бастамаларды қолдауды жалғастырады.

Саналы таңдау – жарқын болашақтың негізі!