Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданының Ақтерек ауылында Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен қызметіне арналған танымдық іс-шара өтті.
«Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облысындағы жанашыры Айдана Шашубаеваның ұйымдастыруымен өткен шара «Ахмет айлығы» аясында жүзеге асырылды.
Іс-шара барысында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектепке, мектеп музейіне және кітапханаға бару ұйымдастырылып, ұлт ұстазының өмір жолы, ұстаздық қызметі мен қоғамдық мұрасы туралы тағылымды мәліметтер ортаға салынды.
Ақтерек ауылының Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолында өзіндік тарихи орны бар. Ол осы өңірде ұстаздық қызмет атқарып, жас ұрпаққа білім беру ісіне үлес қосқан. Сондықтан бұл сапардың мәні тек тарихи тұлғаның мұрасын танып-білумен шектелмей, оның білім беру ісіне сіңірген еңбегін бүгінгі ұрпақтың тануына мүмкіндік беруімен де ерекшеленді.
Кездесу барысында Ахмет Байтұрсынұлының ел болашағы үшін жасаған еңбегі, азаматтық ұстанымы, білім мен тәрбиеге қатысты көзқарастары сөз болды. Оның өмірлік ұстанымы мен жауапкершілігі бүгінгі қоғам үшін де маңызды өнеге екені атап өтілді.
«Сенімен Болашақ» бірлестігі үшін осындай бастамалардың маңызы ерекше. Өйткені азаматтық сананы нығайту, адами құндылықтарды дәріптеу және қоғам алдындағы жауапкершілікті арттыру – бірлестік қызметінің негізгі бағыттарының бірі.
Бұл сапар жергілікті тарихты танудың, өткен мен бүгіннің сабақтастығын түсінудің және рухани құндылықтарды бағалаудың маңызын тағы бір мәрте көрсетті.
Алдағы уақытта да бірлестіктің жанашырлары өңірлердегі тарихи орындарды таныстыруға, тағылымды кездесулер ұйымдастыруға және қоғамға пайдалы бастамаларды қолдауға атсалысуды жалғастырады.
Өткенін танып, өз болмысын түсінген адам ғана болашаққа саналы қадам жасайды.
Өзіңді тап, өзегіңе орал!