Қарағанды қаласындағы Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицейде Республика күніне орай және «Ахмет айлығы» аясында Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысал» жинағына арналған әдеби-танымдық іс-шара ұйымдастырылды.

«Қырық мысал – қырық тағылым» атты шығармашылық сайыс оқушыларды, ата-аналарды және мұғалімдерді бір алаңға тоғыстырды. Қатысушылар мысалдардың мазмұны мен тәрбиелік мәніне назар аударып, адалдық, еңбекқорлық, бірлік және адамгершілік туралы ой бөлісті.

Іс-шараны «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің жанашырлары, осы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Жаннат Рахимберлина мен Сымбат Ануар ұйымдастырды. Бастама отбасы мен мектеп арасындағы байланысты нығайтып, ұлттық әдеби мұра арқылы ортақ құндылықтарды дәріптеуге бағытталды.

Кездесу аясында Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицейдің директоры Жанагүл Тусжанова мен «Сенімен Болашақ» РҚБ Қарағанды облыстық филиалының басшысы Хабиба Дақынова ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат алдағы бірлескен тәрбиелік және танымдық бастамаларға негіз болады.

Мұндай кездесулер жас ұрпақтың ойлау мәдениетін дамытуға, ата-ана мен ұстаздың тәрбиедегі ортақ жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.