«Сенімен Болашақ» РҚБ бастамасымен ұйымдастырылған Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының айлығы аясында түрлі форматтағы ағартушылық іс-шаралар өткізіліп, жалпы саны 2 700 адамды қамтыды.
Өңірлік филиалдардың ұйымдастыруымен 20-дан астам кездесулер мен 30-дан астам ақпараттық материал жарияланды.
Айлық аясындағы бастамалар білім беру ұйымдарынан бастап жоғары оқу орындарына, әскери бөлімдер мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне дейінгі түрлі әлеуметтік ортада жүзеге асырылды. Мектеп оқушылары, студенттер, педагогтер, әскери қызметшілер мен мекеме қызметкерлері қатысқан дәрістер, кездесулер, дөңгелек үстелдер және ашық пікірталастар Ахмет Байтұрсынұлының ағартушылық мұрасын жаңа қырынан тануға мүмкіндік берді.
Іс-шаралар тек танымдық кездесулермен шектелмей, тұрақты ағартушылық алаңдарды қалыптастырумен де ерекшеленді. Оқырман клубтары ашылып, ұйымдар арасында ынтымақтастық меморандумдарына қол қойылды.
Нақтырақ айтсақ, Қарағанды өңірлік филиалында аталмыш айлық аясында «TAMYR» оқырмандар клубы ашылды. «TAMYR» – адамның өткенмен байланысы, рухани негізі, өмірлік құндылықтары мен ұстанымдары.
Сонымен қатар, айлық аясында бірқатар өңірде «Ұлт ұстазы» фильмінің мазмұны талқыланып, Алаштанушылар мен өнер өкілдерінің қатысуымен кездесулер өткізілді. Бұл бастамалар тарихи мұраны дәріптеумен қатар, оның бүгінгі қоғам үшін маңызын пайымдауға жол ашты.
«Өзіңді тап, өзегіңе орал»: Ахмет мұрасын жаңғыртудың жаңа форматы:
Айлық аясында Ахмет Байтұрсынұлының ағартушылық мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған лекциялар циклі мен цифрлық контенттер әзірленді.
Лекциялар циклі: ZOOM платформасында «Ахметтің ағартушылық миссиясы: Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін», «Ахметтің мысалдары және адами мораль», «Ахмет өлеңдеріндегі ұлттық рух», «Ахмет және зиялының миссиясы» тақырыптарында лекциялар өткізілді.
Медиа және БАҚ: «Абай.кз» ақпараттық порталында Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы мен ағартушылық қызметіне арналған арнайы мақала жарияланды.
Анимация және бейнеконтент: Ахмет Байтұрсынұлының «Аққу, Шортан һәм Шаян» мысалы негізінде «Өз арбамызды қайда тартып жүрміз?» атты анимациялық ролик әзірленді. Сонымен қатар «Бүгіншіл/Ертеңшіл» және «Ахметтен келген хабарлама» тақырыптарында қысқа бейнероликтер (Reels) дайындалды.
Бүгінгі ұрпаққа бағдар болған Ахмет мұрасы:
«Ахмет айлығы» – ұлт ұстазының рухани мұрасын дәріптеп қана қоймай, оның ағартушылық идеяларын бүгінгі қоғаммен сабақтастыратын маңызды бастама.
Ахмет Байтұрсынұлының шығармалары – келешекке жауапкершілікпен қараудың, ұрпақ болашағы үшін еңбек етудің айқын үлгісі. Бұл бірлестіктің әрбір жанашыры мен ұстаздар қауымы үшін маңызды рухани бағдар болып қала береді.
Бірлестіктің «Өзіңді тап, өзегіңе орал» тұжырымдамасына негізделген бір айлық ағартушылық бастама Ахмет Байтұрсынұлының ағартушылық мұрасын жаңғырту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, өскелең ұрпақтың тарихи санасы мен азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру, қоғамда оқу мәдениетін дамытуды мақсат етті.
Ағартушылық марафонның келесі кезеңі – МАҒЖАН АЙЛЫҒЫ!
Қараша айында Мағжан Жұмабаевтың әдеби мұрасы насихатталып, оның ұлт болашағы мен руханияты туралы идеялары кеңінен таныстырылады. Ұлт мұрасы – ұрпаққа аманат, ағартушылық – болашаққа бағыт.