Бірлестік Құрылтайшысы әрі идея авторы Нұркен Асанов белсенді жанашырларға мүшелік куәліктерін салтанатты түрде табыстады.
Жанашыр болу – қоғамға бейжай қарамай, айналаңа қолдау көрсету, ортақ іске жауапкершілікпен қарау және игі бастамаларға үлес қосу.
«Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жанашырлары осы құндылықтарды дәріптеп, қоғамда жауапкершілік пен жанашырлық мәдениетін қалыптастыруға атсалысып келеді. Оларды ортақ мақсат біріктіреді: адами құндылықтарды нығайту, азаматтық жауапкершілікті арттыру және келер ұрпаққа үлгі боларлық орта қалыптастыру.
Құрметті мүшелік куәлігінің табысталуы – Жанашыр азаматтардың Бірлестік қызметіне қосқан үлесін бағалаудың, ортақ мұрат жолындағы еңбегіне құрмет білдірудің белгісі. Сонымен қатар бұл мәртебе – үлкен сенім мен жауапкершіліктің көрінісі. Өйткені саналы қоғам құру бір адамның немесе бір ұйымның ғана міндеті емес, ол – баршамызға ортақ іс.
Саналы қоғам әр азаматтың жанашырлығынан, ал сапалы мемлекет ортақ жауапкершілік пен ізгі әрекеттерден басталады. Осы жолда бірігіп, игі бастамаларды қолдап, қоғам игілігі үшін еңбек ету – әрбір жанашырдың ортақ мақсаты. Айта кетейік, салтанатты рәсім 24 қазанда Павлодар қаласындағы «Баянтау» спорт кешенінде өткен спорттық іс-шара аясында ұйымдастырылды.