25 қазан – Республика күні қарсаңында Бірлестіктің Алматы қалалық филиалының ұйымдастыруымен №39 кітапханада «Саналы ұрпақ – тұғырлы мемлекеттің тірегі» тақырыбында тағылымды кездесу өтті.

Шараға тарихшы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Қазақстан тарихы» кафедрасының аға оқытушысы Нұрпейіс Талдыбек Әліұлы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері, заң педагогикасының магистрі, отставкадағы полковник Әбдібеков Мұхамеджан Тоқтарұлы және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара академиясы кітапханасының меңгерушісі Урхия Касымова бастаған сарбаздар қатысты.

Кездесуде модератор болған бірлестік өкілі Меруерт Мәулетқызы өткенді білу тек тарихи деректерді есте сақтау емес, бүгінгі тәуелсіздіктің қадірін түсініп, болашақ алдындағы жауапкершілікті сезіну екенін жеткізді. Кезекпен сөз алған қонақтар ел тарихы мен мемлекеттіліктің қалыптасуы туралы ой қозғады. Отанға адал қызмет етудің мәні мен әскери тәртіптің маңызына тоқтала келе сарбаздарға тәртіп пен табандылықтың, бірлік пен жауапкершіліктің әскери қызметте ғана емес, азаматтық өмірде де маңызды екенін түсіндірді.

Патриотизмнің тек сөзбен емес, нақты іспен, адал еңбекпен және ел алдындағы міндетті абыроймен атқарумен өлшенетініне басымдық берілген кездесу жастардың бойындағы отансүйгіштік сезімін нығайтып, елге қызмет ету үлкен мәртебе әрі жауапкершілік екенін тағы бір мәрте айқындай түсті.