«Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің Құрылтайшысы әрі идея авторы Нұркен Асанов Павлодар қаласының жастарымен кездесті. Кездесу Бірлестік Жанашырлары ұйымдастырған спорттық іс-шара барысы аясында өтті.
Кездесу кезінде жастармен адами құндылықтар, азаматтық жауапкершілік, рухани даму және қоғам өміріне белсенді араласудың маңызы туралы ой қозғалды. Сондай-ақ жастардың бойында жанашырлық, ізгілік пен ортақ іске жауапкершілікпен қарау қасиеттерін қалыптастыру мәселелеріне назар аударылды.
«Адами құндылықтарды жүрекке сіңіру керек, рухани энергияны жандандыру керек. Жастардың бойында өзіне, айналасына және қоғамға деген жауапкершілік сезімі қалыптасуы маңызды. Өйткені саналы қоғам құру әр адамның ішкі ұстанымынан, күнделікті әрекетінен басталады. Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан олардың игі бастамаларға араласып, елдің дамуына үлес қосуға ұмтылуы ерекше маңызды», – деген мазмұндағы ойды Нұркен Асанов жастармен бөлісті.
Бірлестіктің жастар қанатын қалыптастыру – жас буынның азаматтық белсенділігін арттыруға, олардың бастамаларын қолдауға және адами құндылықтарды дәріптейтін орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Алдағы уақытта жастармен өзара байланысты нығайтып, ортақ мақсат жолында бірлескен жұмыстар жүргізу көзделіп отыр.
Саналы қоғамның қалыптасуы – жастардың саналы таңдауынан, белсенді ұстанымы мен ортақ жауапкершілігінен басталады.