«Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі қазан айын ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ағартушылық мұрасын дәріптеуге арнады. Айлық аясында «Сенімен Болашақ» РҚБ Қызылорда облыстық филиалының жас жанашыры Қожанбай Нұрайдың бастамасымен қала жастары филиал кеңсесінде бас қосты.
Кездесу барысында филиал басшысы, психолог Света Сәтбайқызы бірлестіктің негізгі миссиясымен таныстырып, қоғамдағы жауапкершілікті арттыру, азаматтық сананы дамыту және саналы азаматтық қоғам мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстарына тоқталды.
Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлының ағартушылық идеяларының бүгінгі қоғам үшін маңызы талқыланды. Ұлт ұстазының ұлт болашағы, білім, тәрбие және елдік мұрат жолындағы ұстанымдары жастарға ой салды. Әңгіме барысында азаматтық ұстаным, қоғамдық белсенділік және ел тағдырына жауапкершілікпен қарау мәселелері кеңінен қозғалды.
Кездесудің басты мақсаты – жастарға Ахмет Байтұрсынұлының тағылымды мұрасын таныстырумен қатар, оның идеяларын бүгінгі өмірмен байланыстырып, азаматтық жауапкершілікті терең түсінуге ықпал ету. Жастардың бастамашылдығы мен қоғамдық іске белсенді араласуы саналы қоғам қалыптастырудың маңызды бөлігі екені атап өтілді.
Ұлт ұстазының «Ел бүгіншіл, менікі – ертең үшін» деген ұстанымы әр ұрпақты болашақ алдындағы жауапкершілігін сезінуге үндейді. Ахмет мұрасын зерделеу – өткенді тану ғана емес, бүгінгі азаматтық ұстанымды айқындап, ертеңге бағыт таңдаудың да жолы.