Қызылордада Республика күніне орай тарихи-ағартушылық ашық диалог алаңы өтті

25 қазан – Республика күніне орай «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалы «Тарихтан тағылым – болашаққа жауапкершілік» атты тарихи-ағартушылық ашық диалог алаңын ұйымдастырды. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың тарихи танымын кеңейту, азаматтық санасын дамыту және ел болашағына деген жауапкершілігін арттыру.

Кездесуге Болашақ университетінің тарих пәні оқытушылары Қыпшақбаев Қанат Зейноллаұлы – педагогика ғылымдарының магистрі, педагог-зерттеуші және Сейілова Ақтоты Байғарақызы – педагог-модератор, сондай-ақ студент жастар қатысты.

Іс-шараның кіріспе бөлімінде «Сенімен Болашақ» РҚБ Қызылорда облыстық филиалының басшысы Света Сәтбайқызы бірлестіктің мақсат-міндеттері мен миссиясын таныстырып, қоғамда азаматтық сана мен жауапкершілікті қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ол саналы қоғам қалыптастыру әр азаматтың өз ісіне, отбасына және ел болашағына жауапкершілікпен қарауынан басталатынын атап өтті.

Ашық диалог барысында қатысушылар ел тарихы, тарихи мұраны құрметтеу, қоғамдағы азаматтық ұстаным және өскелең ұрпақтың жауапкершілігі туралы пікір алмасты. Тарих пәні оқытушылары өз тәжірибелерімен бөлісіп, тарихи сананың жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастырудағы маңызын талқылады. Ал студент жастар өз ойларын ортаға салып, өткен тарих пен бүгінгі қоғам арасындағы байланысты пайымдауға мүмкіндік алды.

Кездесудің маңызы – тарихты тек өткен кезеңдердің жиынтығы ретінде емес, бүгінгі шешімдер мен ертеңгі ұстанымдарға ықпал ететін рухани әрі танымдық негіз ретінде қарастыруында. Өйткені ел тарихын білу – өткеннен сабақ алуға, қоғамдағы өз орныңды түсінуге және ортақ құндылықтарды бағалауға жол ашады.

Аталған бастама «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің азаматтық сананы дамыту, қоғамдық жауапкершілікті арттыру және саналы азаматтық қоғам мәдениетін қалыптастыру миссиясымен үндеседі. Мұндай кездесулер жастардың тарихи танымын тереңдетіп қана қоймай, өз пікірін ашық білдіруге, өзгенің көзқарасын тыңдауға және ел дамуына қатысты мәселелерге бейжай қарамауға үндейді.

Кездесу соңында филиал психологы Тұрсын Сәпиханқызы студент жастар арасында Қазақстан Республикасының тарихи кезеңдеріне арналған Kahoot зияткерлік ойынын ұйымдастырды. Интерактивті ойын барысында қатысушылар тарихи білімдерін сынап, ел тарихына қатысты сұрақтарға жауап берді. Бұл формат жастардың қызығушылығын арттырып, тарихи танымын ойын арқылы бекітуге мүмкіндік берді.

Тарихты тану – өткенді құрметтеу ғана емес, бүгінгі жауапкершілікті сезініп, болашаққа саналы қадам жасау. Ал елдің ертеңі – тарихынан тағылым алып, ортақ мүдде жолында жауапкершілік танытатын ұрпақтың қолында.