«Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалында Ахмет айлығы аясында филиал жанашыры Әсел Манасқызының ұйымдастыруымен «Ұлт ұстазы» фильмін талқылауға арналған рухани кеш өтті.

Кездесудің мақсаты – Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен ағартушылық мұрасын кеңінен таныту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жастардың тарихи санасы мен азаматтық жауапкершілігін арттыру.

Кеш барысында қатысушылар ұлт ұстазының өмірі мен қоғамдық қызметін бейнелейтін фильмді талқылап, оның ұлт азаттығы жолындағы күресі, ана тілін сақтау мен ұлттық сананы қалыптастыруға қосқан үлесі туралы ой бөлісті. Фильмнен алған әсерлерін ортаға салған қатысушылар Ахмет Байтұрсынұлының ел болашағы үшін атқарған еңбегін бүгінгі ұрпақтың міндеті мен жауапкершілігі тұрғысынан саралады.

Рухани кешке филиал жанашырларымен қатар, қаламыздағы «Шабыт» кітап клубының мүшелері және Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Үздік оқытушы – 2022» республикалық байқауының бас жүлде иегері, мемлекеттік «Шапағат» медалінің иегері Алтынай Романқызы қатысты.

Кеш барысында ұлт ұстазының мұрасын насихаттаудың маңызына тоқталып, ұрпақ тәрбиесі, ұлттық сана және елге қызмет ету тақырыптарында пікір алмасты. Талқылау барысында тарихи тұлғаның өмір жолынан тағылым алу, оның ағартушылық идеяларын қазіргі қоғаммен байланыстыру мәселелеріне назар аударылды.

Кездесу қатысушылардың Ахмет Байтұрсынұлының мұрасына деген қызығушылығын арттырып, ұлттық құндылықтарды құрметтеу мен азаматтық жауапкершіліктің маңызын тереңірек түсінуге ықпал етті.

Ұлт ұстазының өмір жолы – өткеннің тарихы ғана емес, бүгінгі ұрпаққа бағыт беретін өнеге. Оның ағартушылық идеяларын таныту арқылы ел болашағына бейжай қарамайтын, ұлттық құндылықтарды қадірлейтін саналы азамат қалыптастыруға жол ашылады.

«Сенімен Болашақ» РҚБ Қызылорда облыстық филиалы