Елімізде қыркүйектің екінші жексенбісінде аталып өтілетін Отбасы күніне орай Алматы қаласындағы №20 кітапханада тағылымды кездесу өтті. Іс-шараны «Сенімен Болашақ» РҚБ Алматы қалалық филиалы ұйымдастырды.
Кездесуге «Бабалар аманаты» ҚБ төрайымы Кәмила Сапархайыр, бірлестік мүшелері, білім саласының ардагер ұстаздары Халипа Маханова, Раушан Қожақанова және ҚызҰПУ колледжінің І курс студенттері қатысты.
Кездесуді кітапхана меңгерушісі Лаура Мәулітшәріпқызы ашып, Отбасы күнінің отбасы құндылықтарын дәріптеудегі және ұрпақтар сабақтастығын нығайтудағы маңызын атап өтті.
Модератор әрі спикер, «Сенімен Болашақ» РҚБ Алматы филиалының басшысы Меруерт Мәулетқызы Бірлестіктің негізгі бағыттары мен жастардың азаматтық, адамгершілік жауапкершілігін қалыптастырудағы жұмыстарын таныстырып, «Үні_SEN» кешенді қыздар жобасына тоқталды.
Кездесуде аға буын өкілдері қыз тәрбиесі, ұлттық құндылық, әдеп пен мәдениет тақырыптарында ой бөлісті. Олар дәстүрді сол күйінде қабылдаудан гөрі, оның мәнін түсініп, бүгінгі өмірге сай құндылығын саналы түрде жалғастырудың маңызын атап өтті.
Жастар да өз пікірлерін ортаға салып, еркіндік пен ұлттық құндылықтардың сабақтастығы туралы ой қозғады.
Кездесудің негізгі түйіні – заман өзгергенімен, адамдық болмыс, тәрбие мен жауапкершілік секілді құндылықтардың мәні өзгермеуі керек. Ұрпақтар арасындағы байланысты нығайту – ұлттық тәрбиені сақтаудың ғана емес, саналы қоғам қалыптастырудың маңызды негізі.