Қарағандыда Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романын талқылауға арналған тағылымды кездесу өтті. Іс-шараны «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облыстық филиалы «Жүсіпбек айлығы» аясында ұйымдастырды.

Кездесуге Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті мен «Bolashaq» академиясының студенттері қатысты.

Арнайы шақырылған спикерлер — қоғам қайраткері, «Кітап – қазына» жобасының авторы әрі жетекшісі Дастан Жақсығали және Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті филология факультетінің студенті, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің тілшісі Мағжан Құдайберген Әділетұлы. Олар шығармаға қатысты ой-пікірлерімен бөлісіп, студенттермен бірге романның идеялық-көркемдік ерекшелігіне тереңірек үңілді.

Пікірталас барысында адам тағдыры, әйел болмысы, қоғам көзқарасы, рухтың беріктігі мен тұлғалық жауапкершілік мәселелері қозғалды. Қатысушылар Ақбілектің күрделі тағдыры арқылы адамның ауыр сынақтан кейін қайта қалыптасуы, қоғамдық пікір мен жеке таңдау, ішкі еркіндік пен өмір үшін күрес тақырыптарын талқылады.

Ақбілек тағдыры — бір адамның ғана өмір жолы емес. Романдағы кейіпкердің басынан өткен оқиғалар адамды қандай қиындық кездессе де өз болмысын жоғалтпауға, рухани тұрғыдан қайта тұруға және өмірге жауапкершілікпен қарауға үндейді.

Кездесу бірлестіктің «Өзіңді тап – өзегіңе орал» жұмыс бағыты аясында өтті. Ұлттық әдебиет арқылы қатысушылар өткенге үңіліп, одан тағылым алуға, бүгінгі қоғамдағы адами құндылықтар мен азаматтық жауапкершілік туралы ой бөлісуге мүмкіндік алды.

Саналы азамат — оқығанын ой елегінен өткізіп, өзіне де, қоғамға да жауапкершілікпен қарайтын тұлға. Саналы азаматтан — сапалы қоғам қалыптасады.