Бірлестіктің «Өзіңді тап, өзегіңе орал» бағыты бойынша өтіп жатқан «Ахмет айлығы» аясындағы мазмұнды кездесу Талғар ауданына қарасты Ж.Жабаев атындағы №6 мектепте өтті. «АХМЕТ ЖӘНЕ AI ДӘУІРІ» тақырыбында өткен іс-шараға Бірлестіктің Алматы қалалық филиалындағы өкіл Меруерт Мәулетқызы мен жанашыр, алаштанушы, «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінің жетекшісі Мейіржан Бақытжанұлы қатысты.

Кездесуде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының білімге, еңбекке, бірлікке үндеген тағылымды ойлары бүгінгі жасанды интеллект дәуірінің мүмкіндіктерімен сабақтастырыла жеткізілді. Оқушыларға заманауи технологияны тиімді пайдалану, ақпаратты саралау, сыни ойлау, саналы шешім қабылдау және адамдық құндылықтарды сақтау туралы ой айтылып, ақынның «Маса» мысалы мен «ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» өлеңі аясындағы айтылар ой бағдарланды.

Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы өткеннің еншісінде қалған тарих қана емес, бүгінгі ұрпаққа бағыт беретін рухани бағдар екені, оның ағартушылық жолы білімге ұмтылудың, табанды еңбектің және ұлт болашағына қызмет етудің маңызы екені сөз болды.