📞 +7 702 953 20 20 ✉ senimenbolashaq@gmail.com 📍 Астана қ., Қонаев көш., 2 ✈ Көмек алу
Отбасына психологиялық қолдау орталығы

Ата-ананың ажырасуы баланың көзімен: балалардың психологиялық күйзелістері мен қажеттіліктері

29.10.2026

Ата-ананың ажырасуы отбасы өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі. Бұл кезең баланың эмоционалдық жағдайына әсер етіп, оның күнделікті өміріндегі үйреншікті тәртіптің өзгеруіне әкелуі мүмкін. Ересектер отбасылық қатынастарды тоқтатуға байланысты мәселелерді шешіп жатқанда, бала болашағына қатысты белгісіздікке, алаңдаушылық пен қорқынышқа тап болуы ықтимал. Сондықтан баланың болып жатқан өзгерістерді қалай қабылдайтынын және жаңа жағдайға бейімделуіне қандай қолдау көмектесетінін түсіну маңызды.
Баланың ажырасуға реакциясы оның жасына, жеке ерекшеліктеріне және отбасындағы қарым-қатынас сипатына байланысты. Кішкентай балаларда мазасыздық күшейіп, ата-анасынан ажырап қалудан қорқу немесе мінез-құлқында өзгерістер байқалуы мүмкін. Мектеп жасындағы балалар өздерін кінәлі сезініп, күнделікті өміріндегі өзгерістерге алаңдауы ықтимал. Ал жасөспірімдер ашуланшақтық, тұйықтық немесе сырттай немқұрайлылық танытуы мүмкін. Әсіресе бала ата-анасының арасындағы келіспеушіліктерге өзін кінәлі санаса немесе анасы мен әкесінің бірін таңдауға мәжбүр сезінсе, жағдай күрделене түседі. Мұндай адалдық қақтығысы ата-аналардың бір-бірі туралы жағымсыз пікір айтуы, баланы өзара келіспеушіліктеріне араластыруы немесе өз жағына шығуын күтуі салдарынан туындауы мүмкін. Бала ересектердің шешімдері үшін жауапты болмауы, олардың арасындағы жанжалға араағайындық етпеуі және ата-анасының біріне деген сүйіспеншілігін дәлелдеуге мәжбүр болмауы керек.
Ажырасу кезеңінде балаға ең алдымен эмоционалдық қауіпсіздік, тұрақтылық және ата-анасының сүйіспеншілігіне деген сенімділік қажет. Күнделікті тәртіпті сақтау, құрдастарымен және өзі үшін маңызды адамдармен қарым-қатынасты жалғастыру алаңдаушылықты азайтуға көмектеседі. Сонымен қатар балаға алдағы өзгерістерді жасына сай, түсінікті тілмен түсіндіріп, сұрақ қоюына және өз сезімдерін еркін білдіруіне мүмкіндік беру маңызды. Егер ата-анасының екеуімен де қарым-қатынасы бала үшін қауіпсіз болса, оның әрқайсысымен эмоционалдық байланысын сақтауға жағдай жасау қажет. Бұл ретте баланың жасы, жеке ерекшеліктері мен эмоционалдық жағдайы ескерілуі тиіс.
Ата-аналар баланың көзінше бір-бірін кінәлаудан және оны ерлі-зайыптылар арасындағы келіспеушіліктерге араластырудан аулақ болғаны жөн. Балаға ата-анасының ажырасуына оның кінәлі емес екенін және екеуі де оны бұрынғыдай жақсы көретінін түсіндіру қажет. Оның сезімдеріне мұқият қарау, пікірін тыңдауға дайын болу және күнделікті қамқорлықты жалғастыру жаңа жағдайға бейімделуіне ықпал етеді. Егер мазасыздық, ұйқының бұзылуы, оқу кезіндегі қиындықтар немесе мінез-құлқындағы айқын өзгерістер ұзақ уақыт сақталып, күнделікті өміріне кедергі келтірсе, балалар психологының көмегіне жүгінген жөн.
Бұл кезеңде Отбасына психологиялық қолдау көрсету орталығының рөлі ерекше. Татуластыру консультациялары барысында мамандар ата-аналарға эмоционалдық шиеленісті азайтуға, өзара диалог орнатуға және баланың мүдделерін ескеретін шешімдер табуға көмектеседі. Әлеуметтік-психологиялық зерттеулер баланың ата-анасымен қарым-қатынас ерекшеліктерін, жақын адамдарымен эмоционалдық байланысын және отбасындағы жағдайды зерделеуге мүмкіндік береді. Кешенді тәсіл баланың қажеттіліктерін тереңірек түсінуге және оның психологиялық әл-ауқатына әсер ететін факторларды анықтауға көмектеседі.
Ата-ананың ажырасуы баланың міндетті түрде ұзақ мерзімді психологиялық қиындықтарға тап болатынын білдірмейді. Баланың жаңа жағдайға бейімделуі көбіне ересектердің жанжал деңгейін төмендетуіне, тұрақтылықты сақтап, эмоционалдық қолдау көрсетуіне байланысты. Бұл кезеңде балаға ең алдымен ересектердің шешімдері үшін жауапты емес екенін, ата-анасының бірін таңдауға міндетті еместігін және сүйіспеншілікке, қамқорлық пен қауіпсіздікке құқығы бар екенін сезіну маңызды. Баланың осы қажеттіліктерін ескеру отбасы мүшелеріне күрделі кезеңнен психологиялық тұрғыдан жеңілірек өтуге мүмкіндік береді.

← Отбасына психологиялық қолдау орталығы