📞 +7 702 953 20 20 ✉ senimenbolashaq@gmail.com 📍 Астана қ., Қонаев көш., 2 Көмек алу
Отбасына психологиялық қолдау орталығы

Ажырасқаннан кейін бала тұйықталып кетсе, не істеу керек?

16.09.2026

Ата-ананың ажырасуы - бала өміріндегі үлкен өзгеріс. Бала сырттай сабырлы болып көрінгенімен, оның ішінде қорқыныш, мазасыздық, реніш, абыржу немесе өзін кінәлі сезіну сияқты эмоциялар болуы мүмкін. Әр бала өз сезімін ашық айта бермейді. Сондықтан кейде оның ішкі күйзелісі сөзбен емес, мінез-құлқындағы өзгерістер арқылы байқалады. Бала бұрынғыдан тұйықталып, ата-анасымен өз өмірінде болып жатқан жағдайлармен бөліспей, аз сөйлей бастауы немесе жалғыз жүргенді қалауы мүмкін. Сұрақтарға «бәрі жақсы», «ештеңе жоқ» немесе «білмеймін» деп қысқа жауап береді. Бірақ бұл оның ештеңені уайымдамай жүргенін білдірмейді. Кейде бала өз сезімін қалай жеткізуді білмейді.
Біздің тәжірибемізде ата-анасының ажырасу процесі кезінде немесе ажырасқаннан кейін тұйықталып, аз сөйлей бастаған балалар болды. Олар өз эмоцияларын іште сақтап, анасына да, әкесіне де айтпаған. Бала отбасында маңызды өзгерістер болып жатқанын түсініп, соған алаңдауы, ата-анасының бірін сағынуы немесе болашағына алаңдауы мүмкін. Бірақ бұл сезімдерді қалай жеткізу керектігін білмеуі мүмкін. Кейбір балалар ата-анасын ренжітпеу үшін немесе олардың арасындағы жағдайды ушықтырмау үшін өз сезімдерін іште сақтайды.
Психологпен әңгімелесу кезінде бала бұрын айтпаған сезімдерін алғаш рет бөлісуі мүмкін. Кейде әңгіме барысында жылап жібереді, бірақ не үшін жылап отырғанын өзі де түсіндіре алмайды. Оған өз сезімін сөзбен жеткізу қиын болуы мүмкін. Мұндай жағдайда баланы асықтырмай, бірден жауап талап етпеу маңызды. Психолог бала өзін қауіпсіз сезінетін орта қалыптастырып, өз сезімдері туралы біртіндеп айтуға мүмкіндік береді.
Ата-аналар баланың тұйықтығын еркелік немесе сөйлескісі келмеу деп қабылдамауы керек. «Неге үндемейсің?», «Не болғанын айтшы», «Уайымдайтын ештеңең жоқ» деген сөздер баланың одан әрі тұйықталуына әкелуі мүмкін. Оның орнына баланың жанында екеніңізді білдірген дұрыс: «Қазір саған қиын екенін байқап жүрмін. Дайын болған кезде маған айта аласың». Кейде балаға ашық сөйлесу үшін уақыт қажет.
Сонымен қатар баланы ата-аналар арасындағы жанжалға араластырмау, оны бір ата-ананы таңдауға мәжбүрлемеу және екінші ата-ана туралы сұрақтармен қыспаққа алмау маңызды. Бала ересектердің мәселесін шешуге немесе олардың қарым-қатынасына жауапты екенін сезінбеуі керек.
Баланың тұйықталуын тек ажырасумен байланыстыруға да болмайды. Оның көңіл күйіне мектептегі жағдай, достарымен қарым-қатынасы, көшіп-қону немесе өміріндегі басқа өзгерістер әсер етуі мүмкін. Сондықтан баланың жалпы жағдайына және мінез-құлқындағы өзгерістерге назар аударған жөн.
Егер бала ұзақ уақыт бойы тұйық болып, жақын адамдарымен араласуды азайтса немесе мінез-құлқында айқын өзгерістер байқалса, психологқа жүгінген дұрыс. Кейде баланың үнсіздігінің артында сөзбен жеткізе алмай жүрген көптеген сезімдер жатады. Ең бастысы - баланы сөйлетуге мәжбүрлемей, оның сезімдерін тыңдауға дайын екеніңізді көрсету.

← Отбасына психологиялық қолдау орталығы