Іс-шара барысында «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің миссиясы мен құрылтайшысы туралы ақпарат беріліп, бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі жан-жақты түсіндірілді. Спикерлер баланың тұлғалық қалыптасуында ата-ананың мейірімі, қамқорлығы мен қолдауының маңызы зор екенін атап өтті.
Семинарда ата-аналарға балаларымен үнемі тығыз қарым-қатынаста болу, олардың эмоционалдық қажеттіліктерін қанағаттандыру және сапалы уақыт өткізудің маңыздылығы туралы ұсыныстар айтылды. Мұндай әрекеттер ата-ана мен бала арасындағы сенімді нығайтып, өзара түсіністікті арттыратыны жөнінде кеңестер берілді.
Сонымен қатар, нутрицолог «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің жанашыры Еркежан Садыкова балалардың дұрыс тамақтануының маңыздылығына тоқталып, әсіресе таңғы асты тұрақты түрде ішу денсаулықтың кепілі екенін жеткізді. Ата-аналарға балалардың күнделікті тамақтану тәртібін қадағалаудың қажеттілігі түсіндіріліп, «Ауру астан» деген халық даналығының мәні еске салынды.
Теориялық бөлімнен кейін ата-аналар қатысуымен тренинг ұйымдастырылып, қатысушылар 8 топқа бөлінді. Әр топ берілген тапсырмалар бойынша өз ойларын ортаға салып, шығармашылықпен қорғап шықты. Бұл бөлім ата-аналардың белсенділігін арттырып, өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік берді. Семинар соңында қатысушылар ақ көгершін бейнесіне өздерінің ақ тілектері мен ізгі ниеттерін жазып, арнайы тақтаға жапсырды. Ата-аналар іс-шара туралы пікірлері мен ұсыныстарын ашық білдіріп, ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізді.
Баланың бас ұстазы – ата-анасы
2026 жылғы 23 мамыр күні Алматы қаласы Наурызбай ауданындағы №207 мектеп-лицейде ата-аналарға арналған «Баланың бас ұстазы – ата-анасы» тақырыбында семинар-тренинг ұйымдастырылды.


